«Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағын құру туралы»
«Қазақстан Республикасындағы арнайы экономикалық аймақтар туралы» 1996 жылғы 26 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес және Қазақстан Республикасының мақтаны қайта өңдеу өндірісі кәсіпорындарын, тоқыма және тігін өнеркәсібін дамыту мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. 2030 жылғы 1 шілдеге дейінгі кезеңге «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы құрылсын.
2. Қоса беріліп отырған «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы туралы ереже бекітілсін.
3. Қазақстан Республикасының Үкіметі «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағының қызметін қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдасын.
4. Осы Жарлық 2005 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті Н.Ә.Назарбаев Астана, Ақорда, 6 шілде 2005 жыл
№ 1605
Қазақстан Республикасы
Президентінің 2005 жылғы
6 шілдедегі № 1605
Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН
«Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы туралы ЕРЕЖЕ
1. Жалпы ережелер
1. Осы Ережеге қоса беріліп отырған жоспарға сәйкес «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы (бұдан әрі - АЭА) Оңтүстік Қазақстан облысының Сайрам ауданының аумағында орналасқан.
АЭА аумағы 200 гектарды құрайды және Қазақстан Республикасы аумағының ажырамас бөлігі болып табылады.
2. АЭА:
тоқыма өнеркәсібін, атап айтқанда, дайын бұйымдар өндірісін дамыту;
Қазақстан Республикасы экономикасының әлемдік шаруашылық байланыстар жүйесіне кіруін жандандыру;
дайын тоқыма өнімдерін өндіру үшін әлемдік сауда маркілерін өндірушілерді тарту;
жоғары технологиялық өндірістер құру, өндірілетін тоқыма өнімдерінің сапасын жақсарту мен түр-түрін көбейту мақсатында құрылады.
3. АЭА-ның аумағындағы негізгі қызмет түрлері мыналар болып табылады:
1) мақта-мата жіптерін және тоқыманың барлық түрін дайындау;
2) тоқыма өндірісі;
3) әрлеу-бояу өндірісі;
4) дайын тоқыма бұйымдарын өндіру;
5) трикотаж және шұлық-ұйық бұйымдарын өндіру;
6) трикотаж пуловер, кардиган және соған ұқсас бұйымдарды өндіру;
7) арнайы киім шығару;
8) сырт киім шығару;
9) іш киім шығару;
10) өзге де киімдер мен керек-жарақтар шығару;
11) бизнес-жоспарларды, жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуді, құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуді, АЭА-ның аумағын абаттандыру жөніндегі жұмыстарды қамтитын АЭА-ның қазіргі заманғы инфрақұрылымын қалыптастыру.
12) жібек маталар және олардың негізінде бұйымдар шығару,
13) маталық емес тоқыма материалдарын және олардың негізінде бұйымдар шығару,
14) кілемдер, кілем бұйымдарын және тұскілемдер шығару;
15) мақта целлюлозасын және оның туынды өнімдерін шығару;
16) мақта шикізатынан жоғары сапалы қағаз шығару;
17) былғарыдан жасалған бұйымдар шығару.
4. АЭА-ның қызметі Қазақстан Республикасының Конституциясымен, «Қазақстан Республикасындағы арнайы экономикалық аймақтар туралы» 2007 жылғы 6 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңымен, осы Ережемен және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерімен реттеледі.
Егер Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шартта Қазақстан Республикасының арнайы экономикалық аймақтар туралы заңнамасында көрсетілгеннен өзгеше ережелер белгіленсе, онда халықаралық шарттың ережесі қолданылады.